Сауалнама және сұрақ жауап
Алдымен қысқа сауалнамаға жауап беріңіз. Одан кейін мемлекет және дін, зайырлылық, діни сенім бостандығы, діни әдебиет, киім үлгісі және діни білім туралы жауаптарды оқи аласыз.
Алдымен қысқа сауалнамаға жауап беріңіз. Одан кейін мемлекет және дін, зайырлылық, діни сенім бостандығы, діни әдебиет, киім үлгісі және діни білім туралы жауаптарды оқи аласыз.
Сауалнама анонимді түрде жүргізіледі. Сұрақтарға өз көзқарасыңызға сәйкес жауап беріңіз. Кейбір сұрақтарда бірнеше жауапты таңдауға болады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық және құқықтық мемлекет ретінде орнықтыратыны көрсетілген. Осы тұрғыдан алғанда, «зайырлы» ұғымы мемлекеттің дін саласында ашық әрі құқықтық саясат ұстанатынын білдіреді.
Зайырлылық азаматтардың діни сеніміне құрметпен қарауды, әр адамның діни сенімде болу немесе болмау құқығын мойындауды, сондай-ақ діни бірлестіктердің мемлекет саясатына тікелей араласпау қағидатын қамтиды.
Сондықтан зайырлылықты дінсіздік ретінде түсіну дұрыс емес. Зайырлылық құқықтық тәртіп, азаматтық теңдік және діни сенім бостандығы қатар сақталатын мемлекеттік қағидат болып саналады.
Әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қатынасының әртүрлі үлгілері бар. Кейбір елдерде белгілі бір дінге немесе конфессияға мемлекеттік мәртебе беріледі. Ал зайырлы үлгіде мемлекет пен дін бөлек болады және ешбір діни ұйым мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды.
Зайырлы мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне заң бұзылмаған жағдайда араласпайды. Сонымен қатар діни бірлестіктер де мемлекеттік міндеттерді орындамайды және мемлекеттік билік қызметін өз мойнына алмайды.
Осылайша, зайырлы мемлекет әртүрлі діни сенімдегі және діни сенімде емес азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруіне құқықтық жағдай жасайды.
Дін мемлекеттік саясат пен қоғам азаматтарының рухани өмірінде маңызды орын алатын факторлардың бірі. Ол қоғамда реттеушілік, жұбаныштық, қарым-қатынастық және тәрбиелік қызмет атқарады.
Қазақстан Республикасының азаматтары дінге деген көзқарасына қарамастан экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларында тең құқықтарға ие.
Сонымен бірге азаматтар дінге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бірдей жауапты. Заңда көрсетілген жағдайларды қоспағанда, діни сенімді себеп етіп азаматтық міндеттерді орындаудан бас тартуға болмайды.
Соңғы уақытта қоғамда діндарлықтың сыртқы көрінісіне ғана басымдық беріп, ұлттық дәстүрге жат киіну үлгілерін ұстанатын азаматтар кездесіп жүр. Мұндай құбылыстар кейде шетелдік уағызшылардың немесе жергілікті мәдениетке сәйкес келмейтін діни түсініктердің ықпалымен қалыптасады.
Осыған байланысты қара түсті киімді міндетті діни талап ретінде көрсету дұрыс емес. Діндарлық сыртқы бейнемен ғана өлшенбейді. Ол адамның иманы, әдебі, ниеті, қоғамға пайдасы және заң мен дәстүрге құрметімен де көрінеді.
Қазақстан Республикасында діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды әкелу, шығару және тарату қолданыстағы заңнамамен реттеледі.
Діни мазмұндағы материалдарды Қазақстан Республикасының аумағына коммерциялық мақсатта әкелу кезінде олардың мазмұнына дінтану сараптамасы жүргізілуі мүмкін. Сараптама материалдардың экстремизмді, діни алауыздықты немесе заңнамаға қайшы идеяларды насихаттамайтынын анықтау үшін қажет.
Жеке тұлғалар жеке пайдалану мақсатында діни әдебиеттерді шектеулі көлемде ғана әкеле алады. Қолданыстағы тәртіп бойынша әрбір атаудан айына бір реттен аспайтын мөлшерде екі данаға дейін діни әдебиет алып кіруге рұқсат етіледі.
Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдік діни оқу орындарында білім алуы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бағытта уәкілетті мемлекеттік органдар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Қазақстанда да діни білім алуға қажетті жағдайлар жасалған. Елімізде ҚМДБ-ға қарасты медресе-колледждер мен жоғары діни білім беретін оқу орындары жұмыс істейді. Олар болашақ дін қызметкерлері мен теологтарды даярлайды.
Жастардың діни көзқарасы дұрыс қалыптасуы үшін ең алдымен отандық діни білім беру ұйымдарында білім алып, кейін қажет болған жағдайда ұсынылған шетелдік жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруы маңызды.