Ақпараттық-түсіндіру кездесулері
Талдықорған қаласында Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Романова Адия Төлегенқызының қатысуымен бірқатар ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.
Іс-шаралар барысында Адия Романова І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттерімен, Қ. Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің оқушыларымен, облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерімен, сондай-ақ Достық үйінде мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті.
Студенттер мен оқушыларға арналған кездесулерде жастардың діни ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауы, әлеуметтік желілердегі күмәнді діни контенттен сақтану, дін мен дәстүрдің арақатынасы және зайырлы қоғамдағы жауапкершілік мәселелері қозғалды.
Мемлекеттік қызметшілермен және мәдениет саласының қызметкерлерімен өткен кездесулерде қоғамдағы діни ахуал, діни сауаттылықты арттырудың маңызы, дін мәселелеріне қатысты ақпараттық жұмыстың тиімді жолдары және қазіргі қоғамдағы өзекті діни мәселелер талқыланды.
Кездесулер ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан нақты жауаптар алды.
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы қоғам мүшелерінің діни сауатын арттыруға, діни мәселелер бойынша дұрыс әрі объективті ақпарат таратуға және деструктивті идеологиялардың алдын алуға бағытталған.