Діни бірлестіктер жетекшілер клубы өңірдегі түрлі конфессия өкілдерінің өзара диалогын қалыптастыруға, дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған консультативтік диалогтық алаң.
Бүгінде Жетісу облысында 11 конфессияға тиесілі 275 діни бірлестік және олардың филиалдары қызмет атқарады. Олардың қатарында 221 ислам, 17 орыс православ, 3 Рим-католик, 32 протестанттық діни бірлестік, сондай-ақ Ехоба куәгерлері мен Бахаи қауымдастығының бір-бірден діни бірлестігі бар.
Жетісу облысындағы Діни бірлестіктер жетекшілер клубы – өңірдегі түрлі конфессия өкілдерінің өзара диалогын қалыптастыруға, дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған консультативтік-диалогтық алаң.
Клуб Алматы және Жетісу облыстары әкімшілік тұрғыдан бөлінгенге дейін қалыптасып, 2022 жылы өңірлердің бөлінуінен кейін де Жетісу облысында өз қызметін үздіксіз жалғастырып келеді. 2023 жылдан бастап Клуб жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп, кездесулер тоқсан сайын, жылына төрт рет өткізіледі. Осы кезеңде Жетісу облысында Клубтың 12 отырысы ұйымдастырылды.
Клуб құрамына өңірдегі діни бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, теологтар, дінтанушылар, қоғам және мәдениет саласының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері кіреді.
Клуб отырыстарында дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу, діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау, деструктивті діни ағымдар мен радикалды идеологиялардың алдын алу, сондай-ақ заң талаптарын сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасу жүргізіледі.
Клуб кездесулері ресми және бейресми форматтарда өткізіледі. Ресми форматқа дөңгелек үстелдер, пікір алмасу алаңдары, ақпараттық-түсіндіру кездесулері, семинарлар мен интеллектуалдық ойындар жатса, бейресми форматта өңірлерге шығу, мәдени-танымдық және бірлескен қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл форматтар діни бірлестіктер өкілдері арасында ашық пікір алмасу мен өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.
Клуб мүшелері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына белсенді қатысып, аумақтарды абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірлескен қоғамдық бастамаларды жүзеге асырады. Аталған жұмыстар қоғамдық жауапкершілікті арттыруға және ортақ азаматтық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, Клуб аясында «Салауатты рух» бағыты жүзеге асырылады. Бағыт шеңберінде спорттық жарыстар, командалық ойындар, зияткерлік және бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенді өмір салтын ұстануына, өзара ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасын нығайтуға жағдай жасалады.
Клубтың негізгі қызметі – діни бірлестіктер арасында тұрақты әрі ашық диалог орнату, дінаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау, өзара сенім мен ынтымақтастықты дамыту және қоғамдағы бейбітшілік пен келісім құндылықтарын нығайту.