Басты бет Блог Бейбітшілік және бірлік
Қоғамдық үндеу

Таяу Шығыстағы толқу мен ел ішіндегі тыныштық: ойланар уақыт келді

Таяу Шығыстағы қайғылы оқиғалар бізге бейбітшіліктің қадірін, ел ішіндегі бірлік пен рухани тұтастықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салады.

7 мин оқу Қоғам және бірлік Тимур Нүсіпханұлы
Негізгі ой Бейбітшілік өздігінен сақталатын құндылық емес. Оны сақтау үшін ішкі бірлік, сабыр және дұрыс діни түсінік қажет.

Соңғы онжылдықтарда Таяу Шығыс өңірі адамзат тарихындағы ең күрделі әрі қайғылы кезеңдердің бірін бастан өткеруде. Кеше ғана гүлденген шаһарлар бүгінде қираған үйіндіге айналып, бейбіт өмір сүрген халық босқынға айналды. Ирак, Сирия, Ауғанстан — мұның бәрі ауыр сабақ.

Енді міне, Иран төңірегіндегі тұрақсыздық осы қайғылы тізбектің жалғасы іспетті. Бұл елдердегі саяси дағдарыстар мен соғыстардың салдарынан сан мыңдаған жазықсыз жанның қаны төгіліп, аналар көз жасына тұншықты, балалар жетім қалды.

Қайғы-қасіреттен туған сабақ

Адам тағдыры ойыншыққа айналғандай көріністер көбейді. Ең өкініштісі — осы қайғы-қасіретті «азат ету», «құтқару» деген жалған ұранмен бүркемелеп, түрлі радикалды ағымдардың пайда болуы.

Олар әлеуметтік желілер арқылы «жігерлі сөз», «қасиетті күрес» деген желеумен жастардың санасын улап, «жихад» ұғымын бұрмалап түсіндіріп, талай жасты отқа айдады. Өзін «шейх» санап, халықты адастыруға тырысқан жалған уағызшылардың кесірінен қаншама тағдыр тәлкекке түсті.

Ойланар уақыт келді

Тарихтан сабақ алмасақ, тағдырдан таяқ жейтініміз анық. Таяу Шығыстағы жағдай — біз үшін тек сырттағы жаңалық емес, ішкі бірлігімізді бағалауға шақыратын үлкен ескерту.

Қазақстан үшін басты сабақ

Осындай жағдайларды көре отырып, біз ойлануымыз керек. Біз — мұсылман елдерінің ішінде ұлан-ғайыр жерге ие, бейбітшілікті ту еткен елміз. Бірақ бұл тыныштық мәңгі өздігінен сақталады деген сөз емес.

Көз тігушілердің болмауына ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан ел ішіндегі рухани тұтастық пен бірлікті сақтау — бүгінгі күннің басты міндеті.

Ішкі алауыздықтың қаупі

Бүгінде бізде ашық соғыс жоқ. Бірақ ішкі алауыздықтың белгілері байқалмайды емес. Бір мешітте қатар тұрып намаз оқыған жамағаттың бір-бірін терістеп, «сен қате», «менікі дұрыс» деп бөлінуі — жүрекке ауыр көрініс.

Бұл — сыртқы жаудан да қауіпті ішкі іріткі. Қазақта «Бірлік бар жерде — тірлік бар», «Іргесі берік елді жау алмайды» деген дана сөздер бар.

  • бір-бірін терістеу емес, түсіністікке ұмтылу;
  • дінді дау құралына емес, тәрбие мен ізгілік жолына айналдыру;
  • жамағат ішінде сабыр мен құрмет мәдениетін сақтау;
  • дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоймау;
  • жалған уағыз бен үстірт түсініктен сақтану.

Дін мен дәстүрдің үйлесімі

Біздің ата-бабаларымыз дінді де, дәстүрді де үйлестіріп, ешқашан бір-біріне қарсы қоймаған. Олар үшін иман — жүректе, тәрбие — отбасында, ал бірлік — елдің тірегі болды.

Қонақжайлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жетімге қамқорлық — осының бәрі біздің ұлттық болмысымызбен бірге келген рухани құндылықтар. Ал бүгін кейбір жастар сол асыл мұраны тәрк етіп, өзге елдің түсінігін «таза дін» деп қабылдап жатыр. Бұл — тамырынан ажыраған ағаштың күйіне түсу деген сөз.

Ғалымдар мен имамдарға құрмет

Руханият саласында елге дұрыс бағыт беріп жүрген ғалымдар мен имамдарға да орынсыз сын айтылып, «шариғатқа сай емес» деген желеумен оларды жоққа шығару белең алып барады. Бұл — білім мен сабырдан емес, үстірт түсініктен туындаған құбылыс.

Алла Тағала Құранда: «Бір қауым өздерін өзгертпейінше, Алла олардың жағдайын өзгертпейді» деп ескертеді. Бұл — әрбірімізге бағытталған терең мағыналы үндеу.

Бірлікті сақтау — бүгінгі талап

Ендеше, ең алдымен өзімізді түзеуден бастауымыз керек. Ішкі бірлігімізді нығайтып, дәстүріміз бен дінімізді үйлестіре білген ата жолына қайта оралу — бүгінгі күннің талабы.

Қазақ ешқашан дінді дау қылатын халық емес. Дауласса — жер үшін, ел үшін дауласқан. Ал бүгін дін арқылы бөліну — өзегімізге түскен сызат.

Қадірлі ағайын!

Таяу Шығыстағы жағдай — біз үшін тек жаңалық емес, үлкен сабақ. Бізге сол қателіктерді қайталамау аманат етілген. Етек-жеңімізді жинап, елдігімізді сақтап, бірлігімізді бекемдейтін уақыт келді.

Бейбітшілік — бағасын соғыс келгенде ғана түсінетін құндылық. Ал бізге оны жоғалтпай сақтау міндеті жүктелген.

Тимур Нүсіпханұлы Теология PhD докторы, «IHSAN» ғылым және мәдениет орталығының төрағасы.
Материал ақпараттық-түсіндіру және қоғамдық бірлікті нығайту мақсатында жарияланды. Барлық сілтемелер уақытша басты бетке бағытталған.
Басты бетке өту →