Басты бет Блог Қоғам және дін
Сараптамалық мақала

Діннің қоғамдық маңызы және орны

Дін қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік негіздерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ол отбасы, тәрбие, қайырымдылық, білім және әлеуметтік келісім бағыттарымен тығыз байланысты.

8 мин оқу Қоғам және дін Еркебұлан Немелбаев
Негізгі бағыт Материал діннің қоғамдағы орны, рухани құндылықтардың тәрбиелік әсері және діни сауаттылықтың маңызы туралы.

Қазір әлемде шамамен 200 мемлекет бар десек, ондағы діндердің саны 10 мыңға жуықтайды. Қоғамда діннің әлеуметтік мәні мәдениетке, адамгершілікке және адамдардың мінез-құлқына әсер етуімен көрінеді. Әлемдегі көптеген сәулет ескерткіштері, әдеби мұралар мен мәдени құндылықтар дінмен тығыз байланысты.

Жастардың тәлім-тәрбиесіне, рухани құндылықтарының қалыптасуына және қиын сәттерде адамға психологиялық қолдау көрсетуге діни ұстанымның ықпалы зор.

Дін және адам дүниетанымы

Тарихқа көз жүгіртсек, дін адам дүниетанымының тереңдеуінде және адамзаттың қалыптасуында үлкен рөл атқарған. Ерте уақыттан бастап адамдар өмірдің мәнін түсінуге талпынған. Осы бағытта дін адам санасында туындаған сұрақтарға жауап беріп отырған.

Қазіргі заманда да мәдениетте, күнделікті қоғам өмірінде, әлеуметтік институттар мен отбасы ішінде діннің алатын орны ерекше.

Діннің қоғамдық мәні

Дін адамға рухани бағдар беріп қана қоймай, қоғамдағы моральдық нормаларды, отбасылық құндылықтарды және өзара жауапкершілік мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.

Отбасы, тәрбие және моральдық құндылықтар

Отбасы мүшелеріне діни құндылықтардың әсер етуі арқылы ата-ананың рөлі, әйелдің орны, бала тәрбиесі, жаман қасиеттерден арылу секілді көптеген мәселе оң шешімін табады. Дін моральдық принциптер арқылы жаман іс-әрекеттен аулақ болуға жол ашады.

Адам санасында туындаған теріс ойлармен күресуге, бойдағы жаман қылықтардан арылуға да рухани ұстанымдар септігін тигізеді. Кейбір отбасылар діни құндылықтар арқылы лудомания, нашақорлық және девиантты мінез-құлық сияқты мәселелерден арылуға ұмтылады.

Дін, мәдениет және әлеуметтік байланыс

Адамдар діни мерекелерді бірге қарсы алып, қоғамдағы түрлі топ мүшелерімен қарым-қатынас орната бастайды. Бұл бір-біріне деген бауырмалдық сезім мен сенімді күшейтеді.

Қасиетті мекендерге бару арқылы туризм саласы да дамиды. Әлемде осы бағытта көптеген туристік фирмалар жұмыс істеп, бірқатар қызметкерлер еңбек етуде. Туристер шетелге шығу барысында сол мемлекеттің дінінен бөлек, салт-дәстүрімен, тілімен және менталитетімен танысады.

Діни білім және маман даярлау

Шет мемлекеттерде діни бағытта терең білім алу мақсатында көптеген студент жоғары білім алуда. Қазіргі таңда қазақ жастары елдің жарқын болашағы мен тыныштығы үшін шет мемлекеттерде діни білім алуда.

Еліміздің өзінде дінтану, исламтану және теология салаларында маман дайындайтын медреселер мен жоғары оқу орындары бар. Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетінде болашақта дін саласында қызмет ететін көптеген студент тәрбиеленіп жатқаны баршамызға белгілі.

Қайырымдылық және гуманитарлық құндылықтар

Қоғамда дінді дұрыс игерген жастар отбасы құндылықтарын бойына сіңіріп өсіп келеді. Қайырымдылық саласында қызмет ететін көптеген қордың бар екенін де білеміз.

Осы қорлардың тиянақты қызметі арқылы көптеген отбасы баспаналы болып, кейбір азаматтар кәсіп бастауға немесе денсаулығын емдеуге қаржылық көмек алып отыр. Бұл жұмыстар гуманитарлық құндылықтарды дәріптейді.

  • отбасылық құндылықтарды нығайту;
  • қайырымдылық пен мейірімділікті арттыру;
  • жастардың рухани тәрбиесін күшейту;
  • қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершілікті қалыптастыру;
  • қиындыққа тап болған адамдарға моральдық қолдау көрсету.

Діннің психологиялық қолдау ретіндегі орны

Дін адамға өмірдегі қиындықтарды шешуде де психологиялық тұрғыдан көмек көрсете алады. Материалдық өмірдің артынан жүгіріп, рухани тұрғыдан әлсіреген сәтте діни сенім адамның жүрегінде үміт отын оятады.

Ол өмірге деген құлшынысты арттырып, кейбір адамдарға өмірлік мән береді. Осы тұрғыдан алғанда, дін тек ғибадат жүйесі ғана емес, адамды ішкі тұрақтылыққа бағыттайтын рухани тірек ретінде де көрінеді.

Діни сенімнің сипаттары

Әлемдік діндер тарихына назар аударсақ, белгілі бір діни сенімді миллиондаған адамның ұстанатынын көреміз. Діни сенім — жаратылыстан тыс құдіреттің, жоғары күштердің немесе рухтар әлемінің бар екендігіне сенім ұялататын дүниетанымдық негіз.

Кейбір жағдайда ол ғылыми дәлелдерсіз, жеке сенімділік ретінде қабылданады. Бұл әр адамды жоғары ақиқат пен шындықпен байланыстыратын дүниетанымдық ұстаным ретінде түсіндіріледі.

  • адамға өмірдің мән-мағынасын түсінуге көмектеседі;
  • қоғамдағы әлеуметтік топтарды біріктіруге ықпал етеді;
  • ұлтына, жынысына немесе материалдық жағдайына қарамай адамдарды ортақ құндылыққа шақырады;
  • рухани жауапкершілік пен адамгершілік қағидаларын қалыптастырады.

Сенім түрлері тұрмыстық, соқыр сенім және саналы сенім болып бөлінеді. Негізгі діни сенім жүйелеріне монотеистік бағыттар — ислам, христиандық, иудаизм, сондай-ақ политеистік және теистік емес жүйелер жатады.

Жастар және діни сауаттылық

Заман талабына сәйкес жастар арасында діни сауаттылық мәселесі қазіргі уақытта маңызды орынға ие. Көптеген жас арнайы дін басқармаларынан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан және дін проблемаларын зерттеу орталықтарынан мамандардың кеңесін пайдаланып, санасында жүрген сұрақтарына жауап алуда.

Мұндай орталықтарда арнайы білімі бар мамандар қызмет атқарады. Олар жастардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті жағдайда дұрыс бағыт-бағдар көрсетеді.

Қорытынды

Дін қоғам өмірінде мәдени, рухани, тәрбиелік және әлеуметтік маңызға ие. Ол адамды ізгілікке, сабырлыққа, мейірімділікке, жауапкершілікке және қоғамдағы бірлікке шақырады.

Дінді дұрыс түсіну және діни сауаттылықты арттыру — қоғам тұрақтылығы мен жастар тәрбиесінің маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан сенімді дереккөздерге сүйену, білікті мамандардың кеңесін пайдалану және ұлттық құндылықтармен сабақтасқан рухани тәрбиені күшейту қажет.

Еркебұлан Немелбаев Дінтану ғылымдары магистрі, заңгер.
Материал ақпараттық-түсіндіру және ағартушылық мақсатта жарияланды. Барлық сілтемелер уақытша басты бетке бағытталған.
Басты бетке өту →